«ВСАМ Продакшн» Маралды тұрғындарына қандай көмек көрсетіп отыр?

307
көрілім
Фотосурет редакция мұрағатынан

Кеше бұл туралы аталған мекеменің жобалық менеджері Қаникамал Самамбаева ақпарат ұсынып, ауыл жұрты 2021 жылдың қазан айынан 2023 жылдың маусымы аралығында жиі дау шығара бастағанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның сөзінше, жыл сайын қаржылай көмек беріліп тұрады. Осыған дейін 18 млн теңге жұмсалыпты. Маралды ауылдық округінен алтын өндіретін фабрика құрылысына 10-нан 35 адамға дейін жұмысқа алынып отырған. Елдімекеннен кетіп қалғандар да сол жаққа қайта оралған көрінеді.

– Былтыр мамыр айында 47 адам жұмысқа тұрды деп тіркелсе, биыл небәрі он адам қалды. Яғни, тәртіпсіздік басталғалы белсенділер оларды жұмыстан шығуға мәжбүрлеген. Бөлінген 18 млн теңгеге не кіреді? Скважина бұрғылау, аз қамтылған отбасыларды қаражатпен қолдау сияқты істер тұрақты жалғасып отырды. Бізде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі бар. Әр жылы көмір жеткізіп отырамыз. Қойтас маңындағы апаттық жағдайдағы көпір ахуалымен таныстық. Алдағы уақытта ол нысан қайта жаңғыртудан өтеді. Қыс пен көктем айларында техникалар бөліп тұрдық. Бірақ ауылдастар биыл ол көмектен бас тартты. Себебі түсінікті шығар, – деді жобалық менеджер.

Мәлім болғандай, биыл компания басшылығы Маралды ауылына 2,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Қаникамал Самамбаеваның айтуынша, салынып жатқан фабриканың қуаттылығы 270 мың тонна алтын өндіруге қауқарлы. Бірақ мұны Қазақстандағы басқа кәсіпорындармен салыстырғанда анағұрлым шағын, соған қарамастан елдімекен әлеуетін көтеру басшылыққа алынғанын жеткізді.

– Ол 2,5 млрд теңгеге не кіреді? Егер зауыт құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындары соған жұмысқа кірсе, баспана алу кезегіне тұрады. Көмір жеткізіледі. Материалдық көмек берілмесе де, мүгедектер мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларына (Күршім ауданында ҰОС қатысушысы қалмады) қолұшын беріп отырамыз. Сосын ауылға апарар жолды асфальттау бар. Бас жоспарға сүйенсек, оның ұзындығы 5,5 шақырым. Арнайы техникалар беріледі. Естуімізше, үш елдімекенге экскаватор қажет, – деді менеджер.

Одан бөлек, кей тұрғындарға ота жасау керек болып, мекеме басшылығы оған да қаржылау көмек білдіргендерін жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ