Wildberries қоймасындағы өрт: Қазақстан кәсіпкерлері шығынға батты ма

320
көрілім
Фото:qaz.ulysmedia.kz сайтынан

Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Ресейдегі Wildberries қоймасында болған өрттің салдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Санкт-Петербургтегі қоймада болған.

– Бұл шығын Ресейде 100-ден астам нүктесі бар Wildberries сақтау қуатының шамамен 3,5% құрайды. Бүгінгі таңда бізде сатушылар туралы, қанша тауар жарамсыз болып қалғаны жөнінде ақпарат жоқ. Онда тергеу, санау, тексеру шаралары жүріп жатыр. Көлік паркі зардап шеккен жоқ, тасымал жүріп жатыр. Жалпы, біздің тауарларымызды сақтау және өңдеу пункттері бойынша айтар болсақ, оның басым бөлігі Орталық Ресейде. Процес штаттық режимде жүріп жатыр. Бізге ешқандай өтініш, шағым түскен жоқ, – дейді Арман Шакқалиев.

Өрт 13 қаңтарда таңертең Санкт-Петербургтің Пушкин ауданы Шушары ауылында басталды. Шарпыған жалынды өрт сөндіушілер 30 сағат бойы сөндірді. Ауданы кемінде 70 мың шаршы метрді құрады. Оның шығу себебі электр сымдарының дұрыс жұмыс істемеуінен делінген хабарламада. Санкт-Петербург билігі өртенген қойманың заңсыз жұмыс істегенін жеткізді.

Тілсіз жаудың салдарынан, кейбір мәліметтер бойынша, 22 жастағы қыз зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.

Ресей тергеу комитеті өкілеттіктерді теріс пайдалану туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.