Йогурттың жаңа түрі өндіріледі

296
көрілім

Өңірімізде йогурттың жаңа түрі өндірілмек. Бұл көрші өңірлерден импортталатын өнімдердің нарықтағы тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

ШҚО-да соңғы жылдары сүт өндіру саласы қарқынды дамуда. Облыстың сүт өнімдерін шығару бойынша елімізде көшбасшы өңірге айналуға әлеуеті жетеді.

– Жергілікті өндірушілердің тауарлары Шығыс Қазақстанда ғана емес, басқа өңірлерде, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында сатылымға шығарылып, тұтынушылардың оң бағасын алды. Соңғы бес жыл ішінде халықтан сүт жинау 17 есеге артып, табиғи эквивалент көрсеткіші 13 есеге көбейді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, биыл 153 мың тоннаға дейін сүт өңделіп, кәсіпорындардың жүктемесі 87%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш – 29% болған. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сүт кооперативтері құрылып, заманауи және классикалық үлгідегі сүт-тауарлы фермалар құрылып, жоғары технологиялық құралдар енгізілген соң бұл көрсеткіш 3 есеге артты.

Жүргізілген талдау нәтижесінде бөлінген 22 миллиард теңге халықтың қажеттілігін жабуға жетпейтіні анықталды. Өйткені дүкен сөрелерінде жергілікті өндірушілердің өнімдерімен қатар көршілес аймақтар мен Ресей Федерациясынан келген өнімдер тұрады. Сондықтан басты міндет йогурт пен ірімшіктің түрлерін өндіруді арттыруға тіреледі.

– Бұл үшін жыл сайын қосымша 228 мың тонна сүт пен өңдеу көлемін екі жарым есеге арттыру керек. Сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар салуға көңіл бөлінеді. Мәселен биыл осындай 2 ферма салынды. Жоспарға сәйкес 5 сүт қабылдау пунктінің 4-еуі ашылды. Жалпы, Шығыс Қазақстанда сүт өңдіру саласын дамыту бағдарламасының көрсеткіші жаман емес. Өңір жоғары сапалы табиғи сүт өнімдерімен өңір тұрғындарын ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарын да қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді, – делінген мәліметте.