Қыстың алғашқы айы да келіп жетті. Белгілі метеосайттардың болжамына сүйенсек, алдағы желтоқсан айының басым бөлігінде алабұлтты күндер саны көп болғанымен, қар түсімі соншалықты көп болмайды. Бұл айда күндізгі ауа температурасы -4… -22 градус мөлшерінде ауыспалы болса, түнгі уақытта ол -12… -26 градустық деңгейді көрсетпек.
Желтоқсан айының бірінші онкүндігінің бастапқы ширегінде Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде қар жауып, бұрқасындатуы мүмкін. Алайда 3 желтоқсаннан бастап күн ашылып, аяз қатая түседі. Бұл аралықта ауа температурасы күндіз -4… -20, түнде -14… -24 градустық межеде тұрақталуы мүмкін.
Айдың екінші онкүндігінің басы ашық күндермен басталып, соңына қарай бұрқасынға ұласып, қар түсімі қалыңдай түсуі ықтимал. Желтоқсан айының ортасына қарай аяздың беті сынып, термометр бағаны күндіз -5… -14, түнде -12… 16 градустық межеде болады.
Желтоқсанның соңғы онкүндігінің басым бөлігінде ашық күндер саны көбейіп, қар жаумайды. Бұл аралықта аяз қайтадан күшейіп, күндізгі ауа температурасы -14… -24 градусты, ал түнде -21, кейбір жерлерде -31 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Ауа райын нақты болжау адамзат үшін әлі де мүмкін емес. Мұны алға тартқан метеосайт мамандары аталған болжамның болу мүмкіндігін 60 пайызға теңейді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ