Әлемдік өркениетте кітапхананың алар орны ерекше. Адам жадын жаңғыртып, санасына сәуле берер киелі орда. Алғашында мұнда тек кітап оқуға ғана мүмкіндік туса, қазір заман талабына сай, түрлі озық техналогиялармен жабдықталып, оқырман көңілінен орын тауып отыр. Осы орайда Өскемен қалалық Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Аталған кітапхана бүкіл еліміз бойынша қара сөздің қамшыгері һәм Алтайдың кербұғысы атанған атанған жазушы Оралхан Бөкейдің атына берілген жалғыз кітапхана.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде "Балалар жылы" деп жариялады. Сонымен қоса білім саласын дамыту үшін техналогияларды да меңгеру керектігін ашып айтты. Осыған орай кітапхана Президент пәрмені бойынша балаларға барынша көңіл бөлуде.
Үйірмеден үйренері көп
Кітапханада 10-нан аса үйірме түрлі бағытта жұмыс істейді. Солардың бірі – VR-киіз үйі. Ерекшелігі сол заманауи технологияның көмегімен әлемнің кез-келген жеріне саяхат жасауға болады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге ерекше тиімді.
- Кітапханамыз заман талабына сай жабдықталған. VR-киіз үйі ашылған сәттен бастап, қызығушылар көп болды. Алғашында бізде тек VR көзілдірігі болды. Кейін қала күніне орай, арнайы программамен түрлі көріністер жасай бастадық. Көріністерді жасау үшін Энциклопедияларды оқу керек болды. Біздің мақсатымыз – оқырманға оқыған кітаптарындағы кейіпкерлердің бейнесін осы құрылғы арқылы көрсету. Осылайша жастардың кітап оқуға деген ынтасын ояту, - дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Башай.
Кітапхана қызметкерлері техналогияның көмегімен Оралхан Бөкейдің туған жері мен кейіпкерлерінің бейнесін дәл көрсеткен.
- Біз Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғанын бейнеледік. Сонымен қоса кербұғы мен қамшігер де бар. Суреттегі киіз үйдің ішіне тегін онлайн саяхат жасауға болады, - дейді Таңнұр Башай.
Тағы бір ерекше жайт, кітапханада балаларды кітапқа баулу мақсатында мультстудия да ашылған.
- Қазір көптеген балалар ертегіні кітаптан емес, теледидардан іздеп жатады. Ертегі оқуға ниеттенбейді. Сондықтан мультстудияны іске қостық. Мұнда балалар қағаздан жасалған қуыршақтарды техниканың көмегімен жандандырады. Кейін ертегінің кейіпкерлеріне деген қызығушылықтары оянып, кітап оқи бастайды. Тағы бір айта кетерлігі, балалар мұнда өз ойындағы дүниелерді жасап, шығармашылықпен де айналысуына мүмкіндік бар, - дейді кітапхана қызметкері.
Сенсорлы үстелге сенім мол
Бүгінде кітапханаға келушілердің қарасы мол. Кітапханадағы тағы бір ерекше техника ол – сенсорлы үстел. Ол тілдік дамуында бұзылыстар бар балаларға арналған. Бұл да кітапхананың заман ағымына сай жұмыс істеп жатқандығының айқын дәлелі.
- Қазіргі таңда көптеген балалардың тілі жай шығып жатады. Бірақ ата-аналар көп мән бермейді. Негізі бұл өте өзекті мәселе. Салдарынан балалар тұйықталып, ортасынан ажырап қалады. Осындай олқылықтың алдын алу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Сенсорлы үстелдің көмегімен білім берудің жаңа деңгейіне көтерілдік. Оның көмегімен сурет салып, түрлі дүниелер жасайды. Нәтижесі өте жақсы. Балалар да көп, - дейді жоғары санатты логопед-дефектолог Рауан Байчинов.
Кітапхана тек балаларға ғана емес, қалың оқырмандарға да қолайлылық тудырып отыр. Яғни, bokeylibrary.kz сайты арқылы қалаған қажеттілігіңізге қол жеткізе аласыз. Мысалы таңдаған кітабыңызға тапсырыс бере отырып, онлайн түрде уақытын да ұзарта аласыз. Оның ішінде bokey.kz-ке кіріп, тек Оралхан Бөкейге қатысты материалдарды онлайн оқуға болады. Сонымен қатар bokeyMobil қосымшасы да іске қосылыпты. Осының нәтижесінде, кітап оқимын деген жанға еш кедергісіз кез-келген шығарманы оқуға мүмкіндік туып отыр.
Ерасыл ЖҰМАҚАН