Өскемен қаласында алғаш рет заманауи IT-орталық ашылды. Политехникалық колледж базасында құрылған бұл орталық техникалық бағыттағы мамандықтардың студенттеріне озық жүйерлерді қолдана отырып білім беруге жағдай жасамақ. Ашылу салтанатына келген ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова осы жерден оқып шыққан әрбір маманға тұрақты жұмыс табылатынын жеткізді.
Өскемен политехникалық колледжінің студенттері бөркін аспанға атуда. Себебі олар енді замануи техникалармен жабдықталған IT-орталықта білім нәрімен сусындамақ. Нақты айтсақ, бұл орталықта бағдарламалау негіздері, веб-дизайн, бұйымдарды жобалаудағы компьютерлік құрастыру технологиясы, базалық электронды элементтер үшін кіші-гірім модификацияларды құрастыру модульдары тереңдетіліп оқытылады. IT-орталықтың ашылуындағы негізгі мақсат – түлектерді дайындау сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инженерлік-педагогикалық кадрлардың кәсіби деңгейін жетілдіру болып отыр.
– Колледж базасында құрылған орталықта облыстағы ірі кәсіпорындарға қажетті мамандарды дайындаймыз. Осының нәтижесінде, қолына диплом алған әр маман жұмыспен қамтылады. Дәл осындай IT-орталық Семей қаласындағы Электротехникалық колледжде де ашылған болатын, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Іс-шара аясында ШҚО Білім беру, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары мен Өскемен политехникалық колледжі тұрғындарды IT-технология мамандықтары бойынша даярлауға бағытталған үш жақты ынтымақтастық келісім-шартына қол қойды.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ