Заманға сай

771
көрілім

Аягөз ауданына қарасты Айғыз ауылына ғаламтор желісі қашан тартылады?

Айғыз ауылын ғаламтор желісімен қамту жөніндегі әңгіме бірнеше жыл бұрын айтылған еді. Бүгінде сағызша созылған тағылым мен таралым жағдайы ауыл тұрғындарының басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселелердің біріне айналған. Газет редакциясына қоңырау шалып мұңдарын шаққан оқырмандарымыз "күре жолдың бойында тұрсақ та ақпараттық кеңістіктен мақұрым қалдық" дейді. Тұрғындар мәселесіне тереңірек үңілуді жөн көрген біз мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.

Желі жеткізіледі

Соңғы уақытта ауыл-аймақ тұрғындарын ғаламтор мәселесі де жиі толғандыра бастаған сыңайлы. Заман талабына сай ұрпағына білім беріп, одан қалса бос уақытын ақпараттық кеңістікті аралауға арнағысы келген ауыл тұрғындарының қатары өңіріміздің ауылды жерлерінде күн санап артып келе жатқаны рас. Десек те, жылдамдығы жақсы ғаламтор әлі де болса көпшілікке қолжетімді болмай тұр. Бұған дәлел "Боғас-Қарағанды" күре жолының бойында орналасқан Айғыз ауылы. Тау-қыраты жоқ тақтайдай даланың төсінде жатқан шағын ауылға жоғары жылдамдықтағы желінің не себепті жетпейтіні біз үшін түсініксіздеу. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты жоқ деп айтуға да келмес. Өйткені мәселені қолға алып ақпараттан сусаған айғыздықтарға желі тартып беруді ойлаған аудан билігі ауыл тұрғындарына ғаламторды келесі жылы жеткізіп бермек сыңайлы.

- Айғыз ауылына ғаламтор жетеді дегелі екі жылдың жүзі болды, - дейді газет редакциясына хабарласқан оқырмандарымыздың бірі. - Құрылғыларын орнатып кеткен. Бірақ уәделі ғаламтор сол күйі жоқ. Ауылымыз күре жолдың бойында тұрғанымен өркениеттен жұрдай. Ғаламтор тартылса балаларымыздың сабағына да сеп болар еді. Кеңестік кезеңдегідей жұмысы бастан асып азан-қазан болып жататын ауыл-аймақ бүгінде жоқ. Кешкілік уақытта телміріп теледидар қарағаннан бір сәт басқа нәрсеге де көңіл аударғың келеді.

Министрлік құзырында

Мәселе бойынша газет редакциясының сұранымына ресми түрде жауап берген Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында Айғыз ауылына ғаламтор желісін тарту жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

- "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 2018 жылы "талшықтық-оптикалық байланыс желіжолағы технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін кеңжолақты қатынаумен қамтамасыз ету" мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасын іске асыруды бастады, - дейді Болат Серікқазыұлы. - Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасын іске асыру мақсатында еліміздің Ақпарат және коммуникация министрлігі осы жобаның жеке серіктесін анықтау бойынша конкурс өткізді. Конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша Қоғамның конкурстық өтінімі үздік деп танылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шартының талаптарын нақтылау бойынша конкурстық комиссия мен Қоғам арасында келіссөздер жүргізілуде. Қос тараптың арасындағы келіссөздер нәтижесінде шарт жасалады. Аталмыш шарт аясында 2019 жылы Айғыз ауылына да ғаламтор желісін тарту жұмыстары жүргізілетін болады.

***

Аудан әкімдігінің хабарлауынша ауыл-аймаққа ғаламтор желісін тарту жұмыстары жергілікті биліктің құзырындағы мәселе емес көрінеді. Оның негізгі тапсырушысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Демек барлық сұрақ министрлікке. Десек те, кез келген ауылдың қазіргі және болашақтағы жайы-күйін анықтау, оған жоғары жылдамдықтағы желі тартудың пайдасының бар-жоғын шешу жергілікті биліктің құзырындағы мәселе деп ойлаймыз. Осы себепті атамыш мәселеде аудан әкімдігі де сырт қалмайды деген үміттеміз.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ