Өңір колледждері мемлекеттік тапсырыс, грант бөлу, студенттерді жатақханамен қамту жұмыстарында заң шеңберінен аттаған. Бұл жайлы ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Шығыс Қазақстан облысының колледждеріне тексеру жүргізген Қадағалау органы талай заңбұзушылықтарды анықтады. Нақты айтқанда, колледждердің басым бөлігі түлектерінің жұмысқа орналасуына ықпал еткендігі жайлы жалған ақпарат берген. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс конкурстарын өткізуде, гранттарды бөлуде біршама заң талаптары бұрмаланған.
– Кейбір колледждер грантқа түскен студенттердің санын асырып көрсетіп, мемлекет қаржысын қалтаға басқан, – деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі, – Атап айтсақ, Семей бизнес және сервис колледжінде, Өскемен мен Аягөз қалаларындағы политехникалық колледждерде сырттан келіп оқитын студенттерге жатақхана қарастырылмаса да, облыстық Білім басқармасы қосымша гранттар бөліп отырған. Осындай жолмен олар мемлекет бюджетінен 8 млн теңге жымқырған. Білім мекемелерінің аумағын жалға беріп, жеке табыс көзіне айналдыру фактілері де анықталды. Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің аумағынан ашылған ақылы көлік тұрағы прокуратураның ескертуінен кейін жұмысын тоқтатты.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ