Қазақстанда "дәрігердің қателігі" деген ұғым заңнан алынып тасталмақ, деп хабарлайды газет тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәжілісте денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасын таныстырды. Жиын барысында депутат Василий Олейник министрден қателік жасаған дәрігерлер үшін заңнаманы ізгілендіру қаншалықты дұрыс екенін сұрады. Министрлік әзірлеген жаңа заң жобасында Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерден бірнеше тармақ алынып тасталған.
– Аздаған заң бұзушылық үшін дәрігерді кәсіби қызметімен айналысу, қоғамның әлеуметтік өміріне араласу мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Біз медициналық қызметкерлерді жауапкершіліктің қандай да бір түрінен босату туралы ешқашан айтқан емеспіз. Ол болуы тиіс. Бірақ біз халықаралық стандарттарды ұстануымыз керек, – деді министр.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ