Зарина Камасова: Құзырлы орган мүшелігінде дәрігердің болуын орынды деп санаймын

524
көрілім

Өскеменде праймеризге қатысушы, офтальмолог дәрігер Зарина Камасова «Өскемен жылу желілері» АҚ ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО балалар бас офтальмологы, облыстық мәслихат депутатының сөзінше, сайлауда асығы алшысынан түсіп, депутаттыққа ілінсе шаһардағы қалалық ауруханалардағы жөндеу жұмыстарының сапалы аяқталуын бақылауға алмақ. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру да басшылыққа алынады.


– Қалада 360 мыңға жуық тұрғын бар десек, соның 11 мыңы «Nur Otan» партиясының құрамында. Дауыс беретіндер де сол 11 мың адам. Праймеризге Өскеменнен 100-ден астам үміткер қатысуда. Түрлі сала мамандары, олардың ішінде жастар да жетерлік. Медицина саласында жинаған тәжірибем аз емес, сол себепті қалада қандай мәселелер бар солардың көпшілігімен таныспын. Егер тиісті дауыс жинап, жеңіп шықсам тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды бірінші орынға қояр едім. Егер дәрігерлерді біліктілігін арттыруға уақтылы жіберіп тұрсақ, олардың кәсібиліктері де арта түсер еді. Құзырлы орган құрамында дәрігердің болуын орынды деп санаймын. Офтальмолог маман болғандықтан қаладағы емханаларда қандай мәселелер бар екендігінен хабардармын. Бірқатар жоспарларым бар. Десе де оны сайлау өтіп, қорытындысына қарай жұртшылыққа таныстыруды жөн көрдім. Нақты іске көшкен дұрыс қой. Әйтпесе біршамасы депутаттыққа өткен соң берген уәдесін сол жерде-ақ қалдырып кетіп жатады, – деді ол.
Зарина Камасованың айтуынша, дауыс беру онлайн түрде өтеді. Праймериз қосымшасын жүктеп, өңірді, соның ішінде қай қала екенін таңдаса болғаны, әрі қарай үміткерлер есімі тізіліп шығады. Қорытындысы қазан айының басында белгілі болмақ.