Қазір ветеринарлар тиісті жұмыстар атқарып, қандай диагноз екенін анықтап жатқан көрінеді. Қылқұйрықтының танауынан аққан жасыл түсті сұйықтық лезде көпіршіп, тоқтаусыз тамады. Әлеуметтік желіде жария болған бейнежазба жұрттың үрейін алып, бар гәп жеген шөбінде, болмаса қасақана улау қадамдары жасалды ма деп жатты. Дегенмен облыстық ветеринария басқармасындағыдар әлі нақтысын айтпаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Пастереллез бе?»
Естеріңізде болса, былтыр Шіліктіде ұсақ мал жаппай қырылып, нақты себебі кесіп айтылмаған еді. Бірнеше мәрте сөз етілген «малдың иммунитеті төмендеп, азықтандыру механизмі дұрыс іске аспаған» деген жауаптар жергілікті жұртты айтарлықтай иландырмаған болатын. Ендігі жағдай Кеңсай ауылдық округіне қарасты Жарсу елдімекенінде болып отыр. Мал иелері наурыз айының 27-28-нен бастап дабыл қаққандарымен жергілікті басшылыққа сәуір айының бірі күні жетіпті.
– Бес бас жылқы өлген. Одан кейінгілерін қораларда оқшаулап ұстап, жасалған ем-дом шаралары нәтижесінде дерт жұқтыру тыйылды. Жалпы, бақылауға алғалы ем оң әсерін беріп, бірқалыпты күйсеп тұр. Зертхана мамандары микроскопиялық тексеру жүргізіп, қандай да бір дерттің шыққаны расталмады. Пастереллез бе деп ойладық, алдағы уақытта нақтысы айтыла жатар. Әзірге, мал ауруы тоқтады, – деді «Зайсан-Вет» шаруашылық құқығындағы КМК басшысы Қамбар Чилибаев.
Басқарма басшысы бақылауға алған
Алайда жарсулықтар белгісіз дерт жалмаған жылқы саны одан көп болғандығын айтуда. Ең маңыздысы, мұның пайда болу себебі. Аудан тұрғындары бұрын-соңды тосыннан келетін мұндай дерттің болмағанын, тіпті қолдан жасалып отырған қастандық екендігін топшылады. Анығы сол, лептоспироз бен жоғарыда аталған пастереллез ауруларына сынама алынған. ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Серікқазы Сәдуақасовтың сөзінше, бастапқыда ауырған малға нитокс дәрісі егіліпті.
– Соның нәтижесінде жазылды деп хабарлады маған. Бұдан бөлек, тағы 22 бас жылқы бар екен, оларға аз уақытта екпе егеді. Диагноз анықталған соң тиісті тапсырмалар беріледі, – деді Серікқазы Құсайынұлы.
Білгішсіну белең алғаны емес, қашықтан отырып жанашырлық білдірді деген орынды болар. Лаборотория қызметкерлері сынама нәтижесімен бөліскенше, желі қолданушылары аталған дерттің шығу себебін түрліше пайымдап, тіпті емдеу жолдарын да ұсынды. Ықлым Жарылғапов есімді азамат осындай індеттер көбейіп жатса да, мемлекет тарапынан топырақтап, шөптен сынамалар алынбайтындығына шағым білдірді. Одан бөлек, ел билігінің соңғы жылдары мал дәрігерлік қызмет жұмысын біршама тұралатып, ветеринарияға бөлінетін қаржыны азайтып жібергені жазылды.
– Бұл кәдімгі диверсия! Малға у шашу ма деп ойлаймын… Еліміздің біресе батысында, біресе шығысында ауру пайда болады. Шекара ашық, – деді Болатбек Жолдыбаев есімді желі қолданушысы.
***
Көп пікірдің арасында ветеринарлардың еңбекақылары мардымсыз деп айтылып, кадр тапшылығын осымен байланыстырды. Бірі аусыл деп, қара тұз беруге кеңес айтса, тағы бірі аршаның түтінімен емдеуді жөн санады. Әрине, нақты себебі анықталмайынша, өз бетімен емдеуге ешбір мал иесінің құлшынбасы анық.