«Аудан әкімшілігіне талай рет айтқанбыз, жиналыста да ескерттік. Алайда еш шара қолданар емес» деген Бақасу ауылының тұрғындары әрекетсіздікке әрең төзіп, өтініш-шағымдарын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Екі жақтың пікірі бір нүктеде қиылыспады, әйтсе де мәселенің талай жылдан бері өзгеріссіз қалып келе жатқаны анық. Зайсан ауданына қарасты Саржыра мен Бақасудың аралығы қазір көлік жүргісіз.
Халық саны қарайлас
Шет жақтағы ауыл ғой деп үнемі шеттетіп отыру үрдіске айналып қалғандай. Бұған интернет жырын қосып қойсақ, қай ауданды алып қарасақ та өзгеріске деген «бетбұрысты» байқау мүмкін емес. Егер тұрғындар саны 200-300, тіпті 500-ден аспады дейік, қаржы бөлуді тиімсіз санап, мән берудің өзін маңызды емес деп қабылдайтын әкім-шенеуніктер әлі көп. Сонда шекаралық аудандарды дамыту деп бірнеше жыл бұрын қыруар қаржы бөлген өңір басшылығының миллиардтары ауызсу, ғаламтор һәм жол жөндеуге жұмсалмаса, жар салып, тұрғындар көңіліне шырақ жағудың не қажеті бар? Жол тақырыбының өзі-ақ күнделікті бас ауыртар тақырыптың алдыңғы шебінде жүреді. Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Серік Тілемісовтың айтуынша, қазір Бақасуда 279, Саржырада 267 адам тұрады. Халық саны қарайлас қос ауылдың.
– «Омбы-Майқапшағай-Жарсу-Бақасу-Саржыра-Омбы-Майқапшағай» аудандық маңызы бар автомобиль жолының жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды. Бақасу ауылынан Саржыраға дейінгі арақашықтық жеті шақырым, – деді Серік Нәсіпқазыұлы.
Жолды бұзған жерасты суы ма?
Жолдың не себепті бұзылғандығын айтты. Шенеуніктердің сөзінше, жөндеуді қажет ететін учаскенің ұзындығы 1,5 шақырым, оның бұзылуы жерасты суларының жер бетіне жақын орналасуынан екен. Соның салдарынан аталған аймақ сазды, жер жабындысының асты тұрақсыз. Тұрғындар жергілікті басшылық біліп отырғанмен қандай да бір әрекетке баруға асықпайтынын алға тартты. Қызығы сол, Серік Тілемісов аталған мәселе бойынша зайсандықтардың жүгінбегендіктерін баса айтты. Қай тараптың рас, кімнің жалған ақпар бергені беймәлім, десе де әлеуметтік желіде таралып, кіл аудан тұрғындары шуласып жатқанда әкімдік өкілдерінің естімей қалулары екіталай.
– Жалпы, тіліміздегі «билік», «әкім» сөздері «орындаушы» деп сақтаулы керек санамызда. Жеке бас мәселесі емес бұл, қоғамдыкі. Жаңа қазақ елі деген тек сонда болады. Бұл негізі қазақ қоғамына жат нәрсе емес те. «Мақта» көршілес қауымнан жұққан дерттің үлкені, – деді Әділбек Артықбаев есімді желі қолданушысы.
Егер қос ауылды жеті шақырым жол жалғап, оның тек 1,5 шақырымының ғана тозығы жетіп тұрса, тым құрығанда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге шенеуніктердің шамалары жететін сияқты. Сонда бұған не кедергі? Анығы сол, осы аралықтағы қарбалас жұмыс соңғы рет 2010 жылы қолға алынған. Аттай 22 жылда қалт еткен тірліктң байқалмағаны, әкімдердің мойын бұрып қарауға мүлде құлықсыз екендігін аңғартатындай. «Болашақта», «алдағы жылдары» деген сөз бен сөз тіркестері әкімдер мен шенділер ұртынан жиі шығып жатады. Алайда нақтылықтың болмауынан істің қашан басталатынын болжап білу мүмкін емес.
– Алдағы жылдары аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан қажет жөндеу жұмыстарына сметалық есептеме әзірлеп, бюджеттік комиссия отырысына өтінім ұсыну жоспарланған, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Осы ретте әкімдік өкілдері аталған жолға қатысты ресми жауапты «Қаржыны аудандық қазынадан бөлу жағы қарастырылады» деп аяқтады.
Белгілі болғандай, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдардағы көшелерді жөндеуге жоғары тұрған бюджет есебінен 354 миллион теңге қаржы бөлінбек.
Әділхан ЕСІМХАНОВ