Зайсан ауданындағы шекара отрядында шекарашылар браконьерлік әрекеттің жолын кесті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Көктүкше» шекара бекетінің кезекші бөлімі Тоқжайлау аумағында жарақтандырылған күркелерді паналап, шекара бекетінің аумағында жылқы мен ірі қара бағып жатқан бес қазақстандықты ұстаған.
Тексеру кезінде олардан ірі аңдарды аулауға арналған 8 қақпан, атыс қаруы тазалауға арналған құралдар, 3 келі марал еті, салмағы 10 келі тартатын кептірілген маралдың екі мүйізі анықталған.
Бақташылардың айтуынша, бұл жарақтардың барлығы ұмытып тастап кеткен М. атты азаматқа тиесілі болған көрінеді. Фильтрационды шаралар барысында М. ұсталды. ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, анықталған заттар, шынында, соған тиесілі болған. Сонымен қатар, ұсталған қазақстандық ерікті түрде өзіне тиесілі аңшы қаруын өткізген.
Аталған жайға қатысты істің мән-жайын Зайсан қаласының құқық қорғау органдары анықтап жатыр.