Зайсан ауданы Сарши ауылында отырыс ұйымдастырған еркектер ащы судан ұрттайды. Кешке қарай ер адамдардың бірі жартылай ішілген бөтелкені алып «ертең бас жазамыз» деп тығып қоймақ болады. Мұны көріп қалған 40 жастағы зайсандық «неге тығып жатырсың, шығар бері!» деп ашу шақырған. Сөзге келмеген екеуінің арасында төбелес басталады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Зайсан қаласынан арақ алдыртқан Еркінбек Сапарғалиев(аты-жөндері толықтай өзгертілген) көршісі Марат Жандосовтың үйіне қонаққа келеді. Аралас-құралас болып жүрген екеуі ащы судан ұрттап, әңгіме-дүкен құрып отырады. Сағат 20.00-дер шамасында үй иесі «ертең бас жазамыз» деп қалған ішімдікті тығып жатады. Алайда бұған Еркінбек келіспеді. Сөйтіп екеуінің арасында кикілжің шыққан. Сол кезде ашуға булыққан Еркінбек Сапарғалиев қарсыласының мойнынан қысып ұстап, тұмсығына жұдырығымен соққы жасайды. Төсектің үстіне құлап түскен Марат бұрын сотты болған бөтелкелесінен қорқып, қолына пышақ алады да оның сол жақ кеуде тұсына сұғып жібереді. Жараланған ер адам жерге отырып қалған кезде көзі қанталап кеткен зайсандық суық қаруды екінші рет сілтеп, көршісінің білеген тіледі. Соңынан сот-медициналық сараптама жұмыстарының нәтижесінен белгілі болғандай, жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтіріліпті.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істейтін еркек бұрын сотталмаған. Еркінбек болса оны кешіретіндігін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот үкімімен Марат Жандосов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелген сотталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Асқар ТҰМАРБЕК