⠀Зайсан ауданында көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға 1000-нан астам ноутбук сатып алынды

13537
көрілім

Зайсан өңірі бойынша республикалық резервтен аудан оқушыларына 100 дана планшет, 1054 ноутбук және 153 дана стационарлық компьютерлер алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылған.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қашықтан оқытуды қамтамасыз ету мақсатында оқушыларға компьютерлер сатып алынды. Сондай-ақ мемлекет басшысының «Ел үміті» жобасы негізінде өткен республикалық «Мың бала» олимпиадасының, «Мәңгілік ел» конкурстарының жүлдегерлері болған оқушыларға ноутбуктар, «ақылды сағат», планшет, пауербланктар табыс етілді, – делінген мәліметте.⠀

Бұдан бөлек, 2019-2020 оқу жылында 36,8 млн. теңге қаржы бөлініп көпбалалы отбасынан шыққан 1974 бала, 2020-2021 оқу жылында 1030 бала мектеп формасымен, 2125 оқушы аяқ киіммен, 402 көпбалалы отбасының балабақшаларға баратын балалары тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Жаңа жыл мерекесіне орай облыс әкімі тарапынан аз қамтылған отбасынан шыққан бес балаға ноутбуктар және 100 балаға қыстық курткалар сыйға берілген.

– Жыл сайын ұйымдастырылып өткізілетін «Мектепке жол» акциясына аудандағы барлық бюджеттік мекемелер, шағын және орта бизнес өкілдері, шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлер қатысып ұдайы көмектерін көрсетуде. Сонымен қатар кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен ауруханаға оттегі концентраторлары, бірреттік қолданылатын бетперделер, қорғаныш киімдері берілді, – дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.