Қолда бар мәліметке сәйкес аудан әкімінің басшылығымен қалпына келтіру жұмыстары орнында штаб құрылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қыраулы қыстағы келеңсіз жайт кеше болды.
– 27 қаңтар күні сағат 19-30-да «Барыс көл» ЖШС экскаваторшысы Әлібек Өткелбаев көпір құрылысы бойынша жер жұмыстарын орындау кезінде Зайсан ауданының 9 елді мекенін газбен қамтамасыз ететін жоғары қысымды магистралды газ құбырына байқаусызда зақым келтірді, – делінген мәліметте.
Соның салдарынан Айнабұлақ, Қаратал, Үлкен-Қаратал, Шалқар, Көгедай, Қайнар, Кеңсай, Жамбыл, Қарабұлақ елді мекендеріндегі 2105 абонентке газ беру шұғыл тоқтатылды.
Белгілі болғандай, аудан әкімінің басшылығымен қалпына келтіру жұмыстары орнында штаб құрылып, алты мотопомпа, АЦ-40, 1 КУНГ, 50 техника, сондай-ақ «Барыс көл» ЖШС тарапынан барлық қажетті техника жұмылдырылған.
– Тоғыз елді мекенде көмір мен қажетті отын қорын тасымалдау ұйымдастырылды. Айта кетейік, барлық үйлер апат кезінде автономды жылу көздеріне көшті. Ал сыртқы ауа температурасы -17 градусты құрады. Бүгін таңертең сағат 8.00-де апат салдары жойылып, абоненттерді қосу жұмыстары басталды, – деп жазылған мәліметте.