ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жазда ересектердің қарауынсыз қалған балалар мен жасөспірімдер жазатайым оқиғаларға жиі ұшыраған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жыл басынан бері өрттен 10 бала құтқарылып, 7 бала терезеден құлады. Шомылу маусымы кезінде 9 бала суға батқан.
– Кеше Зайсан қаласында ересектердің қарауынсыз қалған 2 жасар бала арыққа батып кетті, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Балалардың жарақаттануына және көз жұмуына әкеліп соғатын қайғылы оқиғалар көбінесе – күйіп қалу, биіктен құлау, суға бату, улану. Талдау нәтижелері көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – ата-ананың балаларды дұрыс қадағаламауы, күнделікті өмірде, көшеде, ойын ойнап жүрген кезде және спортпен шұғылданғанда балалардың сақтықты ұмытып кетуі. «Құрметті ата-аналар! Кез келген жағдайда қауіпсіздік ережелерін ұмытпау баланың өмірі мен денсаулығының кепілі екендігін ұмытпаңыздар. Күнделікті өмірде қауіпсіздікті сақтауды үйретуде ата-аналарға үлкен міндет жүктелген», - дейді құтқарушылар ата-аналарға.