Зайсан қаласында бірнеше ай бойы өшіп тұрған бағдаршам қайта қосыла ма?

913
көрілім
Зайсан қаласының Победа және Жангелдин көшелерінің қиылысындағы бағдаршамның жұмыс істемей тұрғанына бірнеше айдың жүзі болды. Жаяу жүргіншілер пен көлік көп жүретін жердегі бағдаршамның жұмыс істемеуі қиыншылық туындатып отыр. Әсіресе мектепке баратын балаларымыз көлік астына түсіп қала ма деп қорқамыз. Аталған бағдаршам енді қай уақытта іске қосылар екен? Оны жөндеп, іске қосатын мекемелер қаламызда бар ма? Жалпы осындай мәселелермен Зайсан ауданындағы қай мекемеге шағымдануға болар екен?

Зайсан ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға Зайсан аудандық сәулет, құрылыс, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Рахимов жауап берді:

Победа және Жангелдин көшелерінің қиылысындағы бағдаршам өткен жылдың қараша айынан бастап істен шыққан, – дейді тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілі. – Оның істен шығуына құрылғылары мен жабдықтарының тозуы себеп болған. Қазіргі уақытта бағдаршамға қажетті құрылғылар мен жабдықтар алу мақсатында бағдаршам құрылғыларын шығаратын зауыттардан баға ұсынысын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін бюджеттен қаражат бөлдіру үшін бюджеттік сұраныс беріледі.

Бүгінгі күні Зайсан қаласы бойынша 12 бағдаршамның барын айтқан шенеунік, олардың барлығының аудандық сәулет, құрылыс, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде тұрғанын алға тартты. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта Зайсан қаласындағы көшелерге автокөлік ағымына байланысты қосымша бағдаршамдар орнату мәселесінің де қарастырылатынын айтты.