Зайсан қаласындағы тұрғын үйлерге 1 жылдан бері газ тартылмай келеді

3115
көрілім

Бұл жолы қала көлемінде бірқатар тұрғын-үйлерге газ тартылмағандығы салдарынан зайсандықтардың көпшілігі өгізаяң қимылға секемдене қарап, сағызша созылып кеткен жұмысқа алаңдаушылықтарын білдіре бастады. Бір жыл көлемінде тұрғын үйлерге неліктен газ тартылмағанын анықтау үшін аудан әкімдігіне сұраухат жіберген болатынбыз. Жауапқа сүйеніп, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізуге тырыстық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кезең бойынша қолға алынуда

Қала әкімі Анарбек Дутбаевтың айтуынша, аудан көлемінде газдандыру жұмыстары техникалық-экономикалық негізге сай жүзеге орындалуда. Ал қалаға газ тарту жұмыстары кезең бойынша іске асырылып жатқан көрінеді.

– Осыған дейін қала көлемінде тұрғын үйлерді биылдан қалдырмай толықтай газбен қамтамасыз етеміз деген еді. Жыл басталғалы үш айға жуық уақыт өтті. Газ тартылар түрі жоқ. Ұзын-ырғасы 270 үйге газ тартылмаған, – дейді Төлеухан Айтақын (аты-жөні өзгертілген).

Аңғарғанымыздай, жыл басталмай қалаға толықтай газ құбырын тартуды уәде еткен Зайсан ауданының бұрынғы әкімі Серік Ақтанов болатын. Алайда жауапты тұлға қызметінен кеткелі зайсандықтар қазіргі аудан басшысы Серік Зайнулдиннің жолына үмітпен қарауда. Дегенмен аталған мәселе жуық арада шешілмейтіндей көрінді. Алдымен әу баста Анарбек Дутбаев мәлімдегендей, кезең бойынша жүзеге асырылған жұмыстарға көз жүгіртіп көрелік.

– Бірінші кезең бойынша 2013-14 жылдары қаланың ортаңғы бөлігіндегі жұмыстар іске асырылса, екінші кезең, яғни қаланың батыс және шығыс бөліктері 2015-16 жылдары қамтылған. Қала бойынша тартылмай қалған тұрғын үйлер бар. Осыған дейін бірнеше мөлтек аудандар да жаңадан пайда болады. Бұдан бөлек, құрылысы салынған 187 тұрғын үй бар, – деді қала әкімі.

Қаржы бөлінуін күтуде

Жауапты тұлғаның сөзінше, қазір Зайсанда 16474 тұрғын және 5035 аула бар. Көңілге кірбің ұялатқаны, қаладағы тұрғындар саны азаюда. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір айдай бұрын қалаішілік автобустардың кестеге сай қатынамай, жұртты әбден әбігерге салғаны жайлы мақала жазған едік. Сол кезде аудан басшылығы қалада 16500 тұрғын бар екенін мәлімдеген болатын. Байқағанымыз, бірнеше ай ішінде зайсандықтардың қарасы азайып, газ тартылмай жатқан тұрғын үйлер саны көбейіпті. Мәселенің шешімі қандай? Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі уақытта Зайсанда газсыз отырған 187 тұрғын үймен қоса келешекте салынатын 114 жеке тұрғын үй құрылысын бастауға арналған жер учаскелерін газдандыру жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама алу жоспарлануда. Демек мәселе жуық арада шешімін таппайтын сыңайлы. Жоба әзірленіп, сараптама алу жұмыстары күні бүгінге дейін тек жоспарланған болса, істің көзі табылғанша тағы да алтын уақыт өтіп кетеді.

– Мемлекеттік сараптама қорытындысы нәтижесінде облыстық бюджетке қаржыландыру мақсатында сұраныс беріледі. Облыс тарапынан республикалық бюджетке өтінім жіберіліп, тиісті қаражат бөлінген жағдайда осы жылы құрылысты бастауды көздеп отырмыз, – дейді Анарбек Дутбаев.

Мәлім болғандай, қала басшылығы тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету үшін осыған дейін де әрекет жасаған. Алайда жұмысты бастауға қолдарына жеткілікті сомада қаржы тимей тұр. Әліптің артын бағайық. Өкініштісі сол, бір жыл бұрын уәдеге қарқ болған зайсандықтар әлі де газсыз отыр..

Әділхан ЕСІМХАНОВ