Көгілдір отынмен көсегесі көгерген зайсандықтардың армандары біртіндеп орындалып келе жатыр. Десе де, табиғи газдың әлі де болса жетпей жатқан аумақтары баршылық. Соның бірі – Зайсан қаласындағы Шевченко мөлтек ауданы. Зайсанның кейбір тұрғындары жергілікті газеттен аталмыш ауданға көгілдір отынның биыл келмейтінін оқыған. Алайда жергілікті әкімдік…
Құбыр биыл қосыла ма?
– Жақында жергілікті газетте Зайсан қаласының Шевченко мөлтек ауданына газ құбырларының тартылмайтыны жайында хабарлама шығып, тұрғындардан құжат жиналмайтын болды, – дейді Зайсан қаласының тұрғыны. – Үйімізге газ жеткізіліп, тұрмысымыз біраз жеңілдейтін шығар деген үмітіміз өшті де қалды.
Осылайша, «көгілдір отынды көретін күн бар ма?» деген зайсандық тұрғын биыл да үйіне газ құбыры тартылмай қала ма деп қауіптенеді.
Маусым айы – соңғы меже
2017 жылы Зайсан қаласының газ құбырлары желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қаланың барлық мөлтек аудандары газбен қамтамасыз етілетінін хабарлаған Зайсан аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерік Рахимов қазіргі уақытта Зайсан қаласындағы орталық шағын ауданның табиғи газға қосылғанын айтты.
– Бүгінгі күні Зайсан қаласының Шевченко мөлтек ауданынан газ құбырларын тарту кестеге сәйкес жүргізілуде. Зайсан қаласы газ желілерінің құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтауға 2017 жылға қажет 261 225,584 мың теңге қаражат бөлінді. Кестеге сәйкес, Шевченко мөлтек ауданында құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланып отыр, – дейді Ерік Өмірбекұлы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ