Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байбазаровтың ақпаратынша, жыл сайынғы балық аулау лимиті бекітіліп отырады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға соңғы жылдары су арналарының деңгейі түсіп кеткенін жасырмады. Биылғы су тасқыны кезінде солардың көпшілігі толып, жағдай біршама реттеліп қалған. Осы ретте балық түрінің санына қатысты сауал да қойылды.
– Қазір Зайсан-Ертіс облысаралық бассейнінде балықтың 12 түрі кәсіпшілік аумақта ауланады. Жыл сайын жүргізілетін ғылыми зерттеу нәтижесіне сәйкес балық аулау лимиті бекітіледі. Ол шамамен 10 тонна. Алдағы уақытта тағы бір зерттеу жүргізіліп, келер жылдың мөлшері белгілі болады. Оған ғылыми институттар тартылып, мемлекеттен ақша бөлінеді, – деді Фархад Болатұлы.