Облыс аумағында жүргізіліп жатқан «Браконьер» республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары шеңберінде аймақ көлдерінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзу және табиғатты заңсыз пайдалануға бақылау күшейтілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 280-нен астам әкімшілік бұзушылық анықталды, сондай-ақ рейд барысында 4 браконьер ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Айталық қазан айының 20-сы күні «Зайсан» көлінің тыйым салынған аймағы учаскелерінің бірінде заңсыз балық аулаған Көкпекті ауданының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Дәл сол күні Алтай ауданының 33 жастағы тұрғыны көлігінің жүксалғышынан заңсыз жолмен келген балық та тәркіленді.
Жалпы алғанда олардан 300 килограмнан астам балық пен қажетті құрал-саймандар: қайықтар, қайық моторлары, синтетикалық аулар, ескектер тәркіленді.
- Барлық осы фактілер бойынша ұсталған адамдарға қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның санкциясы 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне айналдырылатын болады.