Дүбірлі додаға облыстың барлық қала, ауданынан құрама командалар қатысып жатыр. Ойындар Зайсан ауданынындағы ат жарысы өтетін алаңда ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақ халқының салтында бар, санасына сіңген ұлттық спорт ойындары аз емес. Негізінен басым көпшілігі ептілік пен икемділікті талап ететін нағыз білектілер бақ сынасатын, аңға, төрт түлікке байланысты қойылған спорт түрлері. Араға бес жыл салып өңірде ұлттық спорт додасы қайта жанданды. Зайсан ауданында бастау алған бұл ойындар кенжелеп қалған ат спортын қайта түлетіп, облыста ұлттық ойындарды дәріптеуге дем берді.
- Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Ұзақ үзілістен кейін шығыс өңірінің Зайсан ауданында ұлттық спорт түрлерінен сайыс басталды. Әсіресе, қазақтың қанына сіңген ат спортына ерекше назар аударылды. Ауқымды жарыс облыстағы ең үлкен ат спорты алаңында өтуде. Осы орайда, Зайсан ауданынының әкімдігіне ерекше алғыс білдіреміз. Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтіп, шын мықтылар жеңіске жетсін, - деді ХХІІ халық спорты ойындарының бас хатшысы Әділ Әбдіқалиев.
Білектілер аударыспақ, көкпар, теңге ілу, бәйге, жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түседі. Аталған ойындардың алғашқы жарысы аударыспақ болды. Спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, шыдам мен батылдықты талап ететін аударыспақ ойынына кіл мықтылар қатысты. Бес салмақ дәрежесі бойынша спортшылар іріктеліп, өзара күресті. Ат үстіндегі айқас жас таңдамады, мектеп оқушысынан бастап, жауырыны жер иіскемеген шебер балуандарға дейін бақ сынасты. Ең қызығы, бұл ойында жас спортшылардың бабы да бағы да қатар шапты.
- Есімім Дарын, Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тумасымын. 11-сыныпта оқимын. Аударыспақ ойынымен айналысқалы міне үш айдан асты. Бұған дейін жарыстарда бой көрсеткеніммен, бүгінгідей бас жүлдені қанжылығалап көрмеппін. Сайыста әлсіз қарсылас болмады, аударыспақ мықтылардың ойыны. Бұл тек бастамасы, ел атынан шығатын белді балуан болғанша тоқтамаймын, - деді жас спортшы Дарын Өмірбеков.
Жарыс күнінің соңына қарай әр ауданнан жиылған командалар ұлттық ойынымыз көкпардан іріктеу кезеңінде бақ сынасты. Салымы салынып, атының бабы, шабандоздың тақымы мықты болған құрамалар ертеңгі негізгі кезеңге жолдама алды.
- Бүгінде Риддер қаласынан ұлттық спортты серік еткен 16 қатысушы, 16 бапкер келді. Атты баптау оңай емес, сондықтан әр шабандоздың жанында бапкері болған абзал. Ұлттық спортты дәріптеймін деген азаматтар үшін ұзақ жол мәселе емес, оған алыс аудандардан келген спортшылар дәлел, - деді “Риддер” құрмасының бапкері Еркебұлан Төлеуханов.
Ән-күй, дүбірлі дода, киіз үйді жағалаған ауыл тұрғындары, кіл мықтылар – бұл облыстағы XXII халық спорты ойындарының бірінші күніндегі көрініс. Жарыс алдағы үш күнге жалғасады, Зайсан қаласынан тұяқтардың тозаңдары, аттың дүбірі сейіле қоймас бұл күндері.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ