Зайсанда ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында «Алтыбақан» ойын-сауық кеші өткізіледі

995
көрілім

Ұлттық ойындар түрлерін жаңғырту мақсатында Зайсан ауданында 16 маусым күні «Алтыбақан» ойын-сауық кеші ұйымдастырылады. Бірегей шара Зайсан қаласының орталық алаңында қатарынан үшінші жыл өткізілгелі отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді жастарға жаңаша түрде насихаттау мақсатында «Алтыбақан» шарасын қолға алдық. Шара аясында орталық алаңда сегіз ауылдық округтің өнерпаздары шатыр тігеді. Ауыл-ауылдан келген өнерпаздар «Ауылым – алтын бесігім» атты концерт ұйымдастырады. Бұдан кейін қыз-жігіттер тігілген алтыбақандарға барады. Айтыс ұйымдастырылады. Кешкісін ақсүйек ойыны басталады, – дейді Зайсан аудандық Мәдениет үйінің ауылдық әдіскері Майгүл Ормашқызы.

16 маусым күні сағат 17:00 уақытында басталады. «Алтыбақан» шарасы аясында арқан тарту, асық ойнау сынды ұлттық ойындар да өткізілмек. Былтыр аталған шараға бес жүз кісідей жиналған екен. Бұқара жұрт көп жиналатындықтан, ұйымдастырушылар дәл сол күні қайырымдылық шарасын өткізуді көздеп отыр.