Зайсан ауданындағы қоғамдық моншада жылыту қазандығы жарылып, 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 14 қазанда Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесінде болған.Бірқабатты қоғамдық моншада қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту қазандығы жарылды. Соның салдарынан бір адам қаза болып, екі адам жарақат алды.
- Жедел жәрдем қызметкерлері 1984 және 1991 жылы туған ер адамдарды медициналық мекемеге жеткізді. Қазандық жарылған кезде монша ішінде келушілер болмаған. ТЖД қызметкерлері жартылай құлаған ғимаратты тазалауда, - делінген ақпаратта.
Көп ұзамай Зайсан қаласына облыс әкімі Ермек Көшербаев пен ШҚО ТЖД бастығы Ерғали Бахаев келіп жетті.
- Зайсан ауданында төтенше жағдай орын алған жерде жедел кеңес өткіздім. Арнайы құрылған комиссия жазатайым оқиғаны тексеруге кірісіп кетті, ең алдымен инженерлік зертхананың анықтаушылары мен қызметкерлері қоғамдық моншадағы жылу қазандықтың жарылу себептерін анықтайды. Марқұмның отбасына барып, көңіл айттым. Серік Намазбаев көпбалалалы отбасының отағасы еді, ең кішкентай қызы Айсұлу 9 айда. Зардап шеккен екі адам аудандық ауруханада, оларға медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсетуде, - деп жазды облыс әкімі Ермек Көшербаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.