Облысымызда сәуірдің 4 түні орын алған жер сілкінісінен кейін Зайсан ауданындағы бірқатар тұрғындар облыстық ТЖД-ға үй қабырғаларының шытынағандығын алға тартқан. Департамент басшысы Нұрлан Мадьяровтың айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселеге орай тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ШҚО ТЖД-ның хабарлауынша, арнайы құрылған комиссия бұл жайттарға байланысты тексеру жұмыстарын бастады. Естеріңізге сала кетсек, Зайсан ауданындағы зілзала 5-6 баллға дейін жеткен болатын.
– Жер сілкінгеннен кейін біз дереу сараптама жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Бір қуанарлығы, зілзаладан ешкім зардап шекпеді. Жер сілкінісі болатынын біз алдын ала хабарлай алмаймыз. Себебі Қазақстанда оны анықтайтындай қажетті құралдар жоқ. Дамыған елдердің бірі саналатын Жапонияның өзі жер сілкінетіндігін 30-40 минут бұрын ғана біле алады, – дейді облыстық ТЖД басшысы Нұрлан Мадьяров.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ