Зайсан ауданына қарасты Көгедай ауылының тұрғыны шыны бөтелкеден монша салды, хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бақытбек Бостаев монша құрылысына бас-аяғы екі ай уақыт жұмсап, алты мың шыны шөлмек пайдаланғанын айтты. Құрылысқа әртүрлі контейнерлерді қолданған көрінеді. Тіпті бөтелкелерді жинауда жерлестерінің де көмегі тиген.
– Бұған дейін ел қатарлы, кәдімгі моншамыз болды. Оны шыны бөтелкеден тұрғызу идеясы интернетті ақтарып отырғанымда пайда болды. Содан осы идея ұнап, жұмысқа кірісіп кеттім. Бастысы, мұндай монша жылуды жақсы ұстайды. Шыны кірпіш сияқты түтіндемейді, әрі қабырғалары тез жылиды, - деді көгедайлық шебер.
Бақытбек Бостаев алдағы уақытта үйдің дәлізін де осылай етіп салуды жоспарлауда.