ШҚО Кәсіпкерлер палатасына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының ШҚО бойынша іс-қимылдарының заңдылығы мәселесі бойынша «Зайсан» құрылыс компаниясының басшысынан өтініш түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға қатысушылардың сөзінше, 2020 жылдың соңында «Жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кәсіпкер ШҚО бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында жаңа жаңғыртылған асфальтбетон зауытын сатып алуға қарыз алған. 2022 жылдың күзінде зауыт толық қуатқа ие болып, қарқынды жұмысқа көшті.
Шағым білдірген кәсіпкердің ақпаратынша, былтыр қазан айының соңында Қор қызметкерлері жоба бойынша қойылатын критерийлерге тексеріс жүргізді. Оның ішінде, жұмыс орындарының орташа жылдық санын арттыру, еңбекақы төлеу қорының көлемін ұлғайту, табыстың өсуі сынды шарттардың орындалмайтыны белгілі болды. Осыған байланысты Қор 14 миллион теңгеден астам көлемде алынған субсидияны қайтару туралы шешім қабылдады.
– 2023 жылы өңірде жол-жөндеу жұмыстары көбейді. Асфальтбетон зауыты толық қуатқа ие болды және тиімділік көрсеткіштері күрт өсті, – деп түсіндірді ШҚО Кәсіпкерлер палатасында. – Алайда, облыс бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өткен жылғы көрсеткіштердің жоғарылағанын ескермеді. Ал салыстырып көру үшін 2020-2022 жылдарды басшылыққа алды. Серіктестік ұсынған дәлелдер сол күйі қабылданбады.
Айта кету керек, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау Ережелеріне сәйкес, егер тиімділік критерийлерін орындалмай, бірақ жоба іске асырылып, мақсатты пайдалану толық көлемде расталса, онда жобаларды бағдарламаның шарттарына сәйкес деп санау қажет.
– Бірақ бұл ережелердің күші жойылды, ал қолданыстағы ережелерде мұндай ескерту жоқ. ШҚО бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидияларды қайтару туралы шешімі мерзімінен бұрын деп санаймыз, – деп түсіндірді облыстық Кәсіпкерлер Палатасындағылар.
Облыс бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау Кеңесінің төрағасы Игорь Шацкийдің айтуынша, осы секілді жағдай бұған дейін де болды. Бір жағынан ережелер қатаң емес. Кәсіпкерлер барлық міндеттемелерді орындағандарымен, субсидияларды қайтаруға мәжбүр.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының облыс бойынша өңірлік филиалының директоры Медет Ерболұлы қазіргі уақытта қарыз алушы қабылданған жаңа ережелерге тап келіп отырғанын жеткізді. Игорь Шацкий ШҚО Кәсіпкерлер палатасы субсидияны қайтаруға жәрдемдесу жөнінде «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына жүгінуге тиіс екенін атап өтті.
Асыл АЙТБАЕВ