Зайсан қаласына жолдары түскен шымкенттік азаматтар дәмханаға барып, жергілікті жігіттермен танысады. Дегенмен олар оңтүстіктен келген жігіттерге қонақжайлық танытқанның орнына пышақ кезеп, ақша талап еткен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Зайсан ауданының орталығындағы дәмханалардың біріне барған Шымкент қаласының тұрғыны зайсандық жігіттерді кездестіріп, әңгімелескен. Сөз барысында ол қайдан келгендігін айтып, қай базада демалып жатқандығын жеткізеді. Осы орайда, жаңа танысының бөтен жерде жүргендігін пайдаланбақ болған 26 жастағы ер адамда жаман ой туындайды. Осы мақсатпен ол дәмханадан шығып, кеткелі тұрған оңтүстіктің жігітіне сөзбен тиісіп, ұялы телефонын тартып алған. Бұл аздай, оны өз көлігіне отырғызып, шымкенттіктер қоныс тіреген жерге келеді.
Сол жерде Зайсан қаласының азаматтары қонақтарға пышақ кезеп, олардың бірін аузынан соғып жібереді. Осыдан соң жігіттер жәбірленушілерден 100 мың теңге ақша сұраған. Өне-бойын қорқыныш жаулаған ер адам қалтасынан 5 мың теңге алып шығып береді. Сол кезде зайсандық жігіт «95 000 теңгені тауып беріңдер, әйтпесе көресіңдер!» деп қоқан-лоққы көрсеткен.
Осы оқиғаға байланысты сот ісі Зайсан аудандық сотында қаралды. Сот үкімімен айыпталушы 4 жылға бас бостандығынан шектелді.