Облыстық ақпараттық орталықта баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Темірбек Қасымжанов Зайсанда жастардың қайтып келіп, кәсібін ашып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Зайсан өңіріне әсіресе, газдың тартылуы біршама серпін берген секілді. Жиында Темірбек Қасымжановқа Зайсан ауданы халқының саны бойынша динамикасы турасында сауал қойылды.
– Зайсанға газдың тартылуы өңірді біршама демеп жіберді. Бір-ақ мысал: осы Өскемен қаласында шина құрастыру кәсіпорыны бар бір кәсіпкер жігіт Зайсанға келіп, Заречный ауданында монша ашты. Ары қарай кәсібін дөңгелетіп келеді. Ол моншаны көрсеңіз, бұрынғыдай көмірмен емес, газға қосылған. Жаппай көшіп келді демесек те, Зайсанға жастар қайтып келіп жатыр деп айтар едім. Бұл тенденция бізді де қуантады, – дейді аудан әкімі Темірбек Қасымжанов.
Аудан әкімінің айтуынша, Зайсан өңірінде халықтың саны (40 мың) Тәуелсіздікке дейін де, кейін де кемімеген қалыпта сақталып келеді.