Ел азаматтары зейнетақысының 2018 жылы қанша мөлшерге өскенін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– «Қазақстан Республикасының 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заңына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды зейнетақы 33 745 теңгені, базалық зейнетақы төлемі – 15 274 теңгені құрады. Ал жылдың басынан жасы бойынша төленетін зейнетақы 8 пайызға өседі, – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан минималды зейнетақы базалық зейнетақының қосындысымен 49 019 теңгені құрады. Бұл өзгерістер екі миллионнан астам зейнеткерге қатысты. Сонымен қатар, биылғы жылдың көлемді өзгерістерінің бірі ретінде 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының зейнетақы жүйесіне қатысудағы жұмыс өтіліне байланысты қайта есептелуін айтуға болады.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай әдіс әлеуметтік әділдікті қалпына келтіретін көрінеді. Яғни, жұмыс істегенге қарай алатын зейнетақысы да жоғары болмақ.