2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мөлшері өседі
Келесі жылдың басында қазақстандық зейнеткерлерге жағымды тосынсый жасалмақ. Атап айтсақ, ынтымақты және базалық зейнетақының мөлшері ұлғаяды. Бұдан бөлек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемақылардың ең төменгі мөлшері де өседі. Осыған орай газет тілшісі зейнетақы көлемінің қаншаға ұлғаятынын анықтап көрді.
Естеріңзге салсақ, Қазақстанда зейнетақының үш компоненттен құралатыны белгілі. Оның біріншісі — базалық төлемақы (тұрғындар оны "президенттік" деп атап кеткен). Екіншісі — жасы бойынша тағайындалатын зейнетақы (оны еңбек немесе ынтымақты зейнетақы деп атайды). Үшіншісі — азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинақтаған жинақтары. Міндетті зейнетақы жинақтарын аудару жүйесін енгізгенге дейін зейнеткерлікке шыққан адамдар базалық және ынтымақты зейнетақыны ғана алса, қалғандары жоғарыда аталған үш түрлі зейнетақыны алуға құқылы.
- Ынтымақты зейнетақының мөлшерін қажетті деңгейде ұстап отыру үшін оның көлемі жыл сайын инфляция деңгейін екі пайызға алдын ала индекстеліп отырады, - деп хабарлады Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі.
Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақының мөлшері жеті пайызға, ал базалық зейнетақы — бес пайызға ұлғаймақ. Қарапайым математикалық есептеулер арқылы аталмыш төлемдердің келесі жылы ақшалай баламада қаншаға өсетінін есептеп көрелік.
2019 жылдың 1 қаңтарында ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері:
33 745 теңге (ынтымақты зейнетақының 2018 жылғы ең төменгі мөлшері) х 1,07 (жеті пайызға тең өсім коэффиценті) = 36 108 теңге.
2019 жылғы 1 қаңтардағы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері:
15 274 теңге (базалық зейнетақының 2018 жылғы ең төменгі мөлшері) х 1,05 (бес пайызға тең өсім коэффиценті) = 16 037 теңге.
Осылайша, міндетті зейнетақы аударымдары жүйесі енгізілгенге дейін зейнеткерлікке шыққан ер адамдар мен әйелдердің ең төменгі зейнетақылары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 52 145 теңгені құрайтын болаты (36 108 теңге + 16 037 теңге).
Бұдан бөлек, келесі жылдың басынан бастап "Республикалық бюджет туралы" Заңына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері көтеріледі. Осыған сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемақылардың да көлемі өседі. Қазіргі уақытта аталмыш қордан төленетін төлемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең.
2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 284 теңгені құрағандықтан Бірыңғай жинақтаушы қорынан ай сайын төленетін төлемақының көлемі 15 274 теңгеге тең болған. Аталмыш өзгеріс орын алғаннан кейін, яғни 2019 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ай сайын берілетін төлемақының мөлшері 16 037 теңгені құрайтын болады.
Ең төменгі ынтымақты, базалық және жинақтаушы қорынан берілетін төлемақыларды қоссақ, ең төменгі зейнетақы мөлшерін шығаруымызға болады. Оның көлемі мынадай: 36 108 теңге + 16 037 теңге + 16 037 теңге = 68 182 теңге.
Осындай ең төменгі зейнетақы төлемдерін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналарын аударған азаматтар ала алатын болады.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ