Катонқарағай ауданының аумағында орналасқан Приморское ауылының маңында жаңа демалыс орындары пайда болуы мүмкін. Шығыстың тұмса табиғаты аясындағы құмды жағажайлары таптырмайтын жерлердің бірі саналатын аумақтағы көлемді жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылмақ, деп хабарлайды газет тілшісі YK-news.kz сайтына сүйене отырып.
Суқойманың құмды әрі жайдақ жағалауы жетіп артылатын Приморское ауылында бірден жаңа екі нысан бой көтермек. Оның бірі Бұқтырма суқоймасының жағалауында орналасатын демалыс базасы болса, енді бірі жыл он екі ай жұмыс істейтін балалар сауықтыру лагері болмақ.
Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Даниал Ахметов құрылыс барысымен танысып қайтты.
Жаздың басында құрылысы басталған демалыс базасы алдағы уақытта 30 жалдамалы үйден тұратын болады. "Музтау и К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының хабарлауынша, құрылыс жұмыстарының аяқталуы биылғы жылдың қазан айына жоспарланған екен.
Құрылыс жұмыстарына бастан-аяқ жауапкершілік алған мердігер мекеме директоры Жанболат Қазановтың айтуынша, аталмыш демалыс базасы келушілер үшін жыл он екі ай бойына қызмет көрсететін көрінеді.
Бұдан басқа аталмыш елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жыл бойы жұмыс істейтін балалар суықтыру лагерін жасақтау мақсатында жергілікті мектеп ғимараты қайта жаңғыртылуда. Бұл жобаның аяқталу мерзімі 2018 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Ерлен ОСМАНОВ