«Шығыс су қоймалары» мекемесінің басшысы Медет Нұрғалиев кәсіпорын балансындағы 34 нысанның 33-і бөгеттер мен су қоймалары екенін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға осы жылдың ерекше болғанын айтты. Меңзегені сол, қар қалың, жылдағы нормадан асты. Бірақ қауіп жоқ екенін алға тартты.
– Біздің мекемедегі жабдықтардың көбі кеңес өкіметі кезінде салынған. Қолданылып келе жатқанына 40-50 жылдың айналасы болды. Соған қарамастан, су жабдықтарының барлығын жіті бақылап отырмыз. Ағын су өтетін тұстары, құжат тұрғысындағы сипаттамасы – барлығын қадағалаймыз. Бүгінгі жағдай штаттық режимге сәйкес, – деді Медет Нұрмолдаұлы.
Мекеме басшысы тұрақты жағдай босаңсуға себеп еместігін айтты. Құзыретті және жергілікті атқарушы органдардан бөлек, орман шаруашылығы қызметкерлері де жұмылдырылған. Жыра-сайлардан бастап, өзен сағаларын тазалайды. Жауапты тұлға қауіп жоқ дегеннің өзінде, қар жамылғысының әлі де сақталғанын басшылыққа алды. Сол себепті, жауын-шашын молайған кезде бақылау күшейтіледі.
– Жоғарыда су өткізу жабдықтары ескірген деп айттым. Бірақ соның әр бөлігінде қандай көлемде су өткізілуі тиіс екендігі көрсетілген. Барлығын жоба бойынша бақылаймыз. Су солардың ешбірінің шегінен асқан жоқ, – деді кәсіпорын басшысы.
Асыл АЙТБАЕВ