Жақсылық Омар: Бас мердігердің алдында ешқандай қарызымыз жоқ

479
көрілім

Облыс әкімдігінде өткен жиында тендер былығына қатысты құрылған жұмыс тобы наразылық білдірген қос кәсіпкердің түсірген шағымы жайлы кезекті отырыс өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алайда бұл жолы да кесіп-пішіп шешім шығарған ешкім болмады. Әрі кеткенде «ДСУ-14» және «Топаз» Жер қойнауын зерттеу» ЖШС директорлары Александр Федосов пен Болат Бағадаевтың мемлекеттік сатып алу кезінде не себепті ұтылғандарына бір тоқталды. Бұл жұмыс тобы құрылғаннан бергі өткізіліп отырған үшінші отырыс еді. Әйтсе де тақырып төңірегінде шұғыл түрде ойларын ортаға салған жауапты тұлғалар кей мәселелерді сот арқылы шешуді жөн көрді. Ал «Самал» саябағына қатысты кінә арту қала әкімінің сөзінше, орынсыз, яғни барлығы заң жүзінде іске асырылған.

– Біріншіден, шаһарымызда осындай саябақтың жұмыс істеп тұрғанына қуанғанымыз жөн. Бәлкім, спортпен айналысатын қолайлы орындары бар бұндай жер ел көлемінде ілуде біреу шығар. Екіншіден, біздің тарапымызға арыз-шағымын жауыдырып жатқан Александр Федосовтың да, Болат Бағадаевтың да «Самал» саябағына титтей де қатыстары жоқ. Ал үшіншіден, қалалық әкімдікте конкурс өткізумен айналысатын ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бар. Өздеріңіз білесіздер, соның қорытындысы бойынша Александр Хасис басқаратын «Экспертиза и аналитика» ЖШС саябақты абаттандыру құқығына ие болып, тендерде асығы алшысынан түсті. Кейін жұмысты тезірек аяқтау үшін қосалқы мердігер шақырды. Бірнеше фирма келіп, жұмысты өз уақытында тәмамдады. Бұл ретте айтпағым, бас мердігердің алдында ешқандай қарыз жоқ, біз тиісті соманы толықтай төледік, – деді Жақсылық Мұқашұлы.

Осылай деген қала басшысы қосалқы мердігерлердің бас мердігерге туындаған сауалдардың өз алдына жеке мәселе екендігін жеткізді. Айтуынша, ол сұрақтардың қала әкімдігіне қатысы жоқ.

– Жұмысты бастамас бұрын қосалқы мердігерлер қала басшылығына келіп, бас мердігермен тиісті жоспарын бекітіп, біздің тараппен мүлде кеңеспеді. Егер түсінбеушілік туындаса онда жұмыстың басы-қасында жүрген қос мердігердің мәселесі құқықтық жолмен шешілуі тиіс, – деді қала әкімі.