Қазақстанның Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебі» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Өскемен филиалының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы науқастарға көмектесу үшін қан тапсырды.
Донор болу – әрқайсымызға қол жетімді материалдық көмектің жалғыз түрі. Дана халқымыз «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұңдық жоқ», «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады», – деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі саналады.
- Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу сауапты іс. Ауырып жатқан адамдарға көмегімді бердім. Ешқандай ауыртпашылығы жоқ. Мен тапсырған қан бір адамның өмірін сақтап қалуға жараса, онда мен ниетіме жеткенім, - дейді әскери-патриоттық тәрбие орталығының тәрбиеленушісі Еркебұлан Төлеуғазыұлы.
Әскери қызметшілердің айтуынша, шетте қалып қалмай, осынау игі іске үлес қосып, донорлықтың қаншалықты маңызды екенін көрсету керек. Қарулы Күштердің әскери қызметшілері еркін түрдегі тегін донорлық іс-шараларға ұдайы қатысып тұрады.
- Өскемен филиалының«Әскери-техникалық мектебі» осындай қан тапсыру күндерін оқу орнының базасында жылына бірнеше рет тұрақты түрде ұйымдастырады. Мақсатымыз – ауырып жатқан науқастарға көмек көрсету, - деді мектеп бастығы, запастағы полковник Жанболат Молдағалиев.
Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі