Жалақылары жоғарылайды

478
көрілім

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласының еңбекақысы аз мөлшердегі 191 мың жұмысшысының жалақылары үстемеленетін болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ұйымдастыру-құқықтық қалпына қарамастан барлық мемлекеттік медициналық мекемелердің қызметкерлерінің жалақылары өседі. Бұл дегеніміз, азаматтық қызметшілер қатарына жататын мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың 17 мың, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік ұйымдардың 174 мың жұмысшысы.

Денсаулық сақтау саласы жұмысшыларының жалақысын көтеруге (жалақылар аз санаттағы жұмысшылар) қажетті шығын 27,2 миллиард теңгені құрайды.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының көтерілуі кепілді тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір медициналық қызметтердің бағасын көтеру арқылы қамтамасыз етілмек.

Жалақысы аз медицина қызметкерлеріне жалақы төлеу үрдісін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" ҰАҚ жүргізетін болады.

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық қызметке байланысты бекіткен тарифтері негізінде медициналық мекемелермен 2019 жылға бектілген келісім-шарттарда жалақысы аз санаттағы жұмысшылардың жалақысын жоғарылату міндеті қатар енгізілетін болады, - деп түсіндірді министрліктегілер.

Ерлен ОСМАНОВ