Бұқара.кз сайтының редакциясына Өскемен қаласынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз қатты жауған жаңбыр суы Жаңа Ахмер ауылы әскери қалашығы, 16 үйдің төбесінен өтіп кеткендігін айтты. «Бұны біз өз қаражатымызға жөндеуіміз керек пе, әлде ПИК қандай да бір шаралар жоспарын белгілей ме?» деп сауалдарын қойды олар. Анық-қанығын білу үшін қала әкімдігіне ресми сұраухат жолдап көрген едік.
Редакция телефонына қоңырау шалған оқырмандарымыз өз әңгімелерін Жаңа Ахмер ауылы әскери қалашығы, 16 үйде тұратындықтарынан бастады.
– Маусым айының алғашқы онкүндігі жаңбырлы болды. Нөсерлей жауған жауын суы көпқабатты тұрғын үйдің төбесінен өтіп кетті. Енді тұрғындар не істейтінімізді білмей дал болып отырмыз. Пәтер иелерінің кооперативі ай сайын бізден ақша жинайды. Шатырды жөндеу олардың міндетіне кіре ме, әлде өзіміз қаражат жинастыру керекпіз бе? – дейді аты-жөндерін көрсетпеуді өтінген олар.
Бұл сауалдың нақты жауабын білу үшін Өскемен қаласының әкімдігіне сұраухат жібердік. Жауап жолдаған шаһар басшысының орынбасары Тамара Рахимжанова жабындыны жөндеу меншік иелерінің есебінен жүргізілетіндігін алға тартты.
– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-ші бабы, 24-тармағына сәйкес шатыр, кіреберіс, қасбет және инженерлік жүйелер кондоминиум объектісінің ортақ мүлігіне жатады. Су өткен үй төбесін жөндеу бойынша жұмыстар арнайы ұйымдарды жалдау арқылы пәтер иелерінің өз қаражатына жүргізіледі. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 50-бабы, 1-тармағында көрсетілгендей, тұрғындар нысанның ортақ мүлігін күтіп ұстау шығындарына қатысуға міндетті, – дейді жауапты тұлға.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ