Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың өкімімен қалалық білім бөліміне жаңа басшы тағайындалды.
Облыс орталығының білім бөлімінің басшысы лауазымына Жанат Айтпаева тағайындалды. Жанат Жеңісбекқызы Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Педагогика ғылымының кандидаты, экономика және бизнес магистрі. Білім саласында 1987 жылдан бастап жұмыс істейді. Еңбек жолын бұрынғы Марқакөл ауданының Алексеевка ауылында мұғалім болып бастаған. Өскемен қаласының №40 орта мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ берді. Айта кету керек, техникалық және кәсіптік білім беру саласында да әдістемелік және білім беру тәжірибесі бар. 2011 жылдың желтоқсанынан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры лауазымында еңбек етті.
Қала әкімі жаңа басшыны қала активіне таныстыра отырып, Өскеменнің білім беру жүйесін дамытудағы маңызды бағыттарды атап өтті. Алда тұрған негізгі міндеттер – ол бала-бақшалардың санын көбейту, білім сапасын арттыру, оқу орындары ғимараттарын жөндеу және олардың санын арттыру. Білім бөлімі басшысының лауазымы бір жарым жылдай бос болғанын атап айту керек.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ