Күршім ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов канадалық технологиялар арқылы мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырған "Ұлан" шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Шаруа қожалығының басшысы Арғынбек Қабдуллин кәсіпорынның 1996 жылы ашылғанын және бұған дейін мұнда тек асыл түқымды мал шаруашылығымен айналысқанын алға тартты. Бүгінгі таңда аталмыш шаруа қожалығында 600 бас қазақтың ақбас сиыры бар. Болашақта салынатын бордақылау алаңы мың басқа арналмақ. Құрылыс кезінде канадалық технология қолданылмақ. Яғни, мал қарапайым фермада емес, табиғи күн сәулесін еркін жіберу арқылы жасанды жарықтандыруды үндемдейтін каркасты-тенттік ангарларда өсіріледі. Мұндай технологияның тағы бір артықшылығы, жануарлар қора ішінде емін-еркін жүріп-тұрып, тез салмақ жинайды және етінің дәмі өзгеше болады. Мұнда малды автоматты түрде тамақтандыратын және суаратын құрылғылар болады.
- Біз үлкен фермаларды саламыз. Бұл бұрынғы кеңестік әдіс. Ал мал болса қыста жел тимейтін қорада тұруы тиіс. Шаруаның осындай іспен айналысқысы келетіні маған ұнайды. Өйткені ол бұл жұмысқа жан-тәнімен берілген. Мың басты бордақылау үшін жем-шөп қоры да қомақты болуы керек. Біз оған мемлекеттік бағдарлама аясында жақсы техника сатып алуына көмек көрсетеміз, - деді Даниал Кенжетайұлы.
Кездесу соңында өңір басшысы Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановқа фермаға қосымша жер бөліп беруін тапсырды.
Ерлен ОСМАНОВ