Осы туралы мәлімет Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен семинар барысында айтылды. Президент жанындағы адам құқығы бойынша комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев те ел көлемінде адам құқығы тақырыбына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Астаналық өкілдердің қатысуымен Өскеменде ауқымды семинар өтті. Тастемір Әбішев шара өтетін жердің таңдалуы тегін еместігін айтты. Адам құқығы бойынша комиссия қазір ел көлемінде жан-жақты жұмыс жүргізіп, халықаралық құқықтық емес ұйымдармен нақты жоспарлар бекітіп отырады. Осы ретте үш күндік семинар өткізу ойластырылып, маусым айының 11-сі күні шара шымылдығы облыс әкімдігі залында жағылды.
– Бұнда адам құқығын қорғау бойынша ұлттық механизм қаралады. Яғни, соттың араласуы және сотсыз тәртіптегі жағдайлар талқыға салынады. Егер де сіз өз құқығыңызды қорғай алмай қалсаңыз, республика көлемінде оны қарастыратын бірнеше ұйым бар. Тіпті десеңіз, арнайы тәртіп негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін шағымдануға болады. Қазақстан адам құқығы бойынша еуропалық сот қатысушысы болып саналмайды. Біз еліміздегі халықаралық-құқықтық сот қатысушысымыз, – деді төраға орынбасары.
Мамандар сөзінше, үш күнге созылатын семинар қоғам дертіне айналған түрлі тақырыпты қаузайды. ҚР Президенті жанындағы адам құқығы бойынша комиссия мүшесі Светлана Жаркенованың айтуынша, тренинг қатысушыларына еңбек кодексінен бастап, оның рөлі, адамдар құқығын қорғау бойынша тұшымды мағлұматтар беріледі.
– Жұмыс уақытының сақталуы мен еңбек нормасының бұзылмауына кейбірі мән бермей жатады. Тәжірибе барысында құқықтық келісімшартты азаматтық-құқықтық келісімшартпен алмастыру жағдайлары болатынын байқадық. Өкінішке қарай, осыған қарап-ақ көп дүние әлі көмескі тартып тұрғанын аңғартады. Жиын кезінде осы жағына да тоқталамыз, – деді ол.
Адам саудасы, оларға оңтайлы еңбек жағдайларының жасалуы да дүркін-дүркін айтылды. Мәселен, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі Серік Мизамбеков осы бойынша өңірдегі жағдайға тоқталды. Оның сөзінше, қазір Ұлан ауданына қарасты Жаңа Қанай ауылында психиатриялық аурухана құрылысы жүріп жатыр.
– Бірнеше жыл бұрын осы мәселе түрлі ақпарат көздерінде де көтеріліп, ондағы жағдайдың өте нашар екендігі айтылды. Құзырлы орган өкілдері мен қоғам белсенділері барып, алдағы жоспарын бекіткен болатын. Бізге адам құқығы бойынша түрлі өтініш пен шағымдар түседі. Әйтеуір Жаңа Қанай ауылындағы жағдай шешімін тауып келеді. Психиатриялық аурухана салынып жатыр. Қарбалас тірлік биыл 20 мамыр күні басталды. 120 орынға шақталған. Онда психоневрологиялық ауруға шалдыққан адамдар ем алады. Келер жылдың алғашқы тоқсанында құрылыс аяқталады деген сенімдеміз, – деді ол.
Осы іспетті маңызды мәселелерді қарастыратын тренинг Ұлан мен Глубокое аудандарында өтеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ