Облыс орталығының Солжағалау кешеніндегі зообақ жақын уақытта мысық тұқымдас қарақал және бұташымен, сондай-ақ екі қонжықпен толықпақ.
Қалалық зообақ жаңа тұрғындармен толығу үстінде. Жақын арада қала тұрғындары мен қонақтары Солжағалау кешеніндегі зообақтан қарақал мен бұташыны, сондай-ақ аюдың екі қонжығын тамашалай алатын болады. Әзірге жануарлар карантинде ұсталуда. Ал зообақ қызметкерлері болса оларға арнап жайлы орындар даярлау үстінде.
- Тор қоршаулардың іргетасы құйылып қойды, жақын арада қалған жұмыстарын аяқтаймыз ба деген үмітіміз бар, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы фауна бөлімінің меңгерушісі Зайнетдин Шамшиев. - Олардың биологиялық төлқұжаты мен ілінетін ақпараттарын дайындатуға тапсырыс беріп қойдық. Әзірге оларды оқшауланған орындарда ұстауға мәжбүрміз. Қамауда болғандары оларға біраз қиындау тиіп тұрса керек.
Ерлен ОСМАНОВ