Тәуелсіздік күні қарсаңында Аягөз ауданында 600 орындық жаңа мектеп салтанатты түрде есігін айқара ашты.
Ғимарат құрылысын "Алау" ЖШС өткен жылы бастаған болатын. Жалпы құны 1 011,1 млн теңгені құраған жоба "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында іске асқан екінші құрылыс болды.
Аягөз қаласының Оңтүстік қалашық мөлтек ауданында орналасқан жалпы білім беретін №4 мектептің ескі ғимараты балабақша болып қайта жасақталды. Жалпы айтқанда, бүгінгі таңда ауданда білім мекемелерінің тапшылығы жоқ.
Өңірімізде білім беру саласына ерекше көңіл аударылып келеді. Тек биылғы жылы ғана Аягөз ауданында мектептерді заманауи құрылғылармен жасақтауға жергілікті бюджеттен 95 902 миллион теңге бөлінді. Аудан кәсіпкерлері "Менің мектебім" акциясы барысында "Парыз" қорына 29 миллион теңге қаржы жинады. Аталмыш қаражатқа 4 химия, 3 физика, 9 биология және 19 робот техникасы кабинеттері жасақталды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ