Жаңа оқу жылы: 500 мың балаға 22 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

132
көрілім
фото сурет ашық дереккөзден

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мектеп асханалары жоқ өңірлерді атады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM ға сілтеме жасап.

«Балаларды 1-сыныпқа қабылдау мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Қазір бұл процесс белсенді жүріп жатыр. Оны дұрыс ұйымдастыру керек. Балабақшаға бармаған болашақ бірінші сынып оқушыларына көбірек көңіл бөлген жөн. Сондықтан балабақшалар жанындағы консультациялық пункттердің қызметін жандандыру қажет. Балалардың мектепке дайындалуына барынша көмектесу керек», - деді О.Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс.

«Биыл 500 мыңнан астам бала үшін 22 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Әкімдіктер мектеп формасы мен керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражаттың ата-аналарға уақытылы жіберілуін қамтамасыз етсін. Тағы бір маңызды бағыт – мектептегі тамақтануды ұйымдастыру және оның сапасы. 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн-нан астам оқушыны тегін тамақтандыру жоспарланған. Алайда, Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарының бірқатар мектебінде асхана жоқ. Осы өңірлердің әкімдіктері тамақтану сапасын және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ерекше бақылауға алсын. Ғани Бектайұлы (Оқу-ағарту министрі), барлық оқушылардың 1 қыркүйекке қарай оқулықтардың толық жиынтығын алуын да бақылауда ұстаңыз. Біздің басты міндетіміз – балалардың сапалы, заманауи білім алуын қамтамасыз ету. Мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының жұмысын жоғары бәсекелік деңгейге шығару керек», - деді Премьер-Министр.

Оның сөзіне қарағанда, мектептер мен колледждердің және жоғары оқу орындарының базасында студенттер мен оқытушылардың жетекшілігімен оқушылар өздерінің болашақ инженерлік идеяларын жүзеге асыра алатын, әртүрлі бұйымдар мен бөлшектер құрастырып, дайындауды үйренетін жалпыға бірдей қолжетімді үйірмелер, техникалық шығармашылық орталықтарын құру керек. Білім берудің барлық сатыларында сапа бойынша жаңа талаптар белгіленуі қажет.

«Орта білім беру саласында жайлы мектептер дамуға ықпал ететін негізгі стандарт болуға тиіс. Басқа мектептерді олардың деңгейіне бейімдеп реновациялау қажет», - деді О.Бектенов.