Жаңа жәрдемақы қалай төленеді?

493
көрілім

Келесі жылдан бастап көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмектің орнына жаңа жәрдемақы төленетіндігі жайлы естідік. Біздің 5 баламыз бар. Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келгенбіз. Енді бізге жаңа жәрдемақы қалай төленеді?

Тарбағатай ауданынан тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы М.Шаронова жауап берді:

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірге тұратын төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі ауысымда оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін оқу орнын бітіргенше (23 жасқа толғанға дейін) ай сайын төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Жәрдемақы мөлшерін отбасының табысына қарамастан, балалардың санына қарай тағайындау жоспарлануда:

4 балаға – 42 496 теңге

5 балаға – 53 127 теңге

6 балаға – 63 757 теңге

7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.

Шығыс Қазақстан облысында 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жәрдемақы тағайындалған 8 675 көпбалалы отбасы арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылар бар (яғни жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізгенге дейін), әрбір отбасыға төленетін жәрдемақының мөлшері 10 504 теңгені құрайды. Аталған санаттағы алушыларға жәрдемақыны 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты режимде тағайындау жоспарланған.

Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы және Еңбек, әлеуметтік қорғау көші-қон Департаменті көпбалалы отбасылардың барлығын қамтып, мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін бірлескен жұмыс жүргізіп отыр (көпбалалы отбасылардың санаттары бойынша):

1) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар есебіндегі көпбалалы отбасыларға (ақпараттық база деректері бойынша бірге тұратыны расталған) ақпараттық жүйе деректері бойынша тексеру жүргізілуде.

2) арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алушылар есебіндегі көпбалалы отбасылар (ақпараттық база деректері бойынша бірге тұратыны расталмаған) жәрдемақыны алушы және 18 жасқа дейінгі балаларының тұрақты бірге тұру деректерін сәйкестендіру қажет.

3) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар болып табылмаған, жаңадан тағайындау жүргізілетін көпбалалы отбасылардан өтініштер мен қажетті құжаттарды қабылдау ауылдық округ әкімдері арқылы жергілікті жерлерде ұйымдастырылады.

4) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар болып табылмаған, жаңадан тағайындау жүргізілетін көпбалалы отбасылар (ақпараттық база деректері бойынша бірге тұратыны расталмаған) жәрдемақы алушы және 18 жасқа дейінгі балаларының тұрақты бірге тұру деректерін сәйкестендіру қажет.