«Қазпошта» хат-хабарды дронмен тасымалдау бағытын жетілдірмек. Бұл туралы бүгін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған конференцияда «Қазпошта» АҚ Трансформация және IT жөніндегі басқарушы директоры Нариман Мұқышев мәлім етті.
– Біздегі негізгі жобаларға тоқталатын болсам, біріншіден, біз дрондарды ұшырдық. Қазіргі кезде 10 дрон 4 облыстың аумағында ұшып жүр. Бұл өз кезегінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жүзеге асырып жатқан шаралардың бірі. Атап айтқанда, біз осы жоба аясында жүкті жеткізу уақытын қысқартып отырмыз. Кейбір ауылды жерлерге көлікпен жету қиындық туғызады. Бұл ретте дронмен хат-хабарды оңай бағыттай аламыз, – дейді Нариман Мұқышев.
Оның сөзіне қарағанда, поштаны дронмен жеткізу жобасы өзін ақтап келеді. Белгілі болғандай "Қазпошта" 1,5 тонна болатын хат-хабарды дрон арқылы тасымалдады. Бұл сала технология мен ішкі операциялық шараларды жетілдіруде маңызды әрі қызықты бастама болып отыр.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ