Жаңбыр жауса, Өскеменді неге қайта-қайта су басады?

173
көрілім
Фотосурет noks.kz

Осы сұрақты облыс басшысы Ермек Көшербаев қала әкімдігіндегілерге қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы уақытта қалада қалың жаңбыр жауса канализациялардағы су деңгейінің көтерілуі көп адамның наразылығын туғызуда. Нақты айтсақ, шілде айының 2-сі күні жаңбыр тоқтаусыз сіркіреп, Назарбаев даңғылы, Ушанов алаңы мен Спорт сарайы аялдамасы бойымен өтіп бара жатқандар көлшікке айналған көшелерді бірінен соң бірі телефонға түсіріп, таратып жатты. Михаэлис көшесінде де сондай жайт. Осындай мәселелердің жиілеуі өз алдына сұрақ болып, шілденің 3-і күні облыс әкімдігінің отырысында көтерілді.
- Жеңіс Даңғылы, Шәкәрім, Назарбаев даңғылдары мен Гагарин Бульвары көшесі, яғни магистральды төрт көшені су басты. Мәселені реттеу үшін төрт бригада жұмылдырылды, - деді Өскемен әкімінің орынбасары Арман Искаков.
Иә, қалада жауыннан кейін көлге айналатын бірнеше мекенжай бар. Соны болдырмас үшін су ағарларды қайта жабдықтау керек.
- Қайта-қайта су жайылса, мәселе сол күйі шешілмей ме? Жол жабынын қашан қайта жабдықтамақсыздар? - деп сұрады Ермек Көшербаев.
Бірақ қала әкімдігіндегілер бұған жарытып жауап бере алмады. Бұл жерде Шәкәрім даңғылындағы жол жабыны бірнеше жыл бұрын ғана қайта жабдықтаудан өткен болатын. Бірақ су ағар тақырыбы әлі өзекті.