Қалада көмір сатуға арналған 2 орын бар: бірі Сол жағалаудағы Базовая көшесінде, екіншісі Защита ауданындағы Делегатская көшесінде орналасқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған екі тұйықта халықтың әлеуметтік осал топтарына көмірді жеңілдікпен жеткізетін он көлік бар. Көмір бағасы да былтырғы бағада қалған. Қалаға «Қаражыра» кенішінен 25 мың тонна көмір келеді, қазір оның мың тоннасы ғана сатылды. Жаңбыр кезінде көмірге сұраныс аз, себебі қатты отын дымқыл болады.
Қала әкімдігіндегілер көмірді алдын ала, күн суытпай тұрып, баға тұрақты кезде қамтып қалуды ұсынады. Өйткені бір жылда баға екі-үш есе көтеріліп кетуі мүмкін.
- Біз қыс мезгіліне дайындықты маусым айында бастаймыз: әлеуметтік баға бойынша көмір алатын отбасылардың тізімін жасалады. Бірақ жазда адамдар жылыту маусымына қамданбайды. Көмірді қазір сатып алған дұрыс: кезек жоқ, отын бар, сапасы жақсы, - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.