Жаңғызтөбе ауылында жел электр станциясы салынуда

847
көрілім
Шартты фотосурет

Аудан әкімі Белтерек пен Жаңғызтөбе ауылдарына жасаған іссапары барысында сол елдімекеннің қай салаға бейім әрі қазіргі әлеуметтік-экономикалық және географиялық жағдаларйына қарап, тиісті жұмыстар атқаруды жоспарға қойған екен. Бұл жолы жоғарыда аталған екі ауылға атізін салып, қолға алынған жұмыстың жай-жапсарымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Бірегей жобаның берері мол»
Қай ауылға бірінші болып аялдағаны беймәлім, әйтеуір, бір күнде жарияланған жазба екен. Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Жаңғызтөбе кентінің іргесінде қарқын алған жел электр станциясы құрылысы барысын аралады. Айтуынша, жасыл экономика қалыптастырудағы өңірдегі бірегей жобаның берері мол. Бүгінгі таңда желден электр қуатын өндіретін 17 мұнараның төртіншісі тұрғызылуда.
– Жалпы биіктігі 70 метрге жуық әр мұнараның салмағы 200 тоннадан асығып жығылады. Сол себепті ауыр көліктердің күшімен жүзеге асатын әрбір жұмысты мұқият қадағалап отырып жүргізуде. Жобалық жұмыс биыл қолданысқа енуі тиіс. Іске қосылысымен облысымыздағы электр қуатына деген сұраныстың бөлігі алып мұнаралар арқылы жүзеге асырылмақ, – деді Ахметқали Ахашұлы.
Жабырқатқан жол жағдайы
Дегенмен игі бастаманың төңірегінде топталған мәселенің бір көрінісі жолдардан-ақ байқалады. Мұны газет редакциясына қоңырау шалған тұрақты оқырмандар да растады. Олардың сөздерінше, рөлде отырып, қырағылық танытпай ой мен шұңқырға түсіп кетсең көлік доңғалағы  жарылады. Әкімдік хабардар болса да ала жаздай тегістеу жұмыстарын жүргізбеген екен. Алайда аудан атқамінерлері бар назарды болашақтың энергиясына жұмылдырған сыңайлы. Ахметқали Ахашұлының: «Табиғатты игілікке жаратуға бағытталған бұл Жармадағы екінші жоба. Дәл осы орында бүгінде күн электр станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр» деуі осы сөзіміздің анық дәлелі.
Бұдан соң Белтерекке бет бұрды. Жауапты тұлғаның айтуынша, мұнда ең алдымен округ әкімдігінде болып, ауылдың жалпы жағдайына көз жүгіртті.
– Оның ішінде қысқы мал азығын даярлау ісін назарыма алдым. Сонымен бірге ауылдың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, клуб ғимаратына тартылған жылу жүйесін аралап көрдім. Таяу күндері жылу қазандығы орнатылып, толық іске қосылады, – деді ол.