Жанкүйерлер еркін күрестен Ұлттық құрама бапкерлерін ауыстыруын талап етуде

3867
көрілім
Шартты фотосурет

Норвегия жерінде өтіп жатқан күрес түрлерінен Әлем чемпионатында қазақстандық палуандар әлі бірде бір жүлде иеленбеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалың жанкүйер үш жағдайды назарғы алды. Алдымен, «Неліктен қазақ палуандарының жанарында от байқалмайды? Қалайша барған бетте бірінші кездесулерінде жеңіліс табады және бапкерлер шын мықтыны таңдауда қалай іріктеу жасайды?» сынды сауалдар.
Мұның жауабы жылдам беріле қоймасы анық. Себебі, спортшылардың көпшілігі дерлік соңғы ел чемпионаты мен Азия чемпионатында топ жарып, өздерін үздік қырларынан көрсетіп үлгергендер. 74 келіге дейінгі салмақта Олимпиада ойындарына жерлесіміз Данияр Қайсанов барды. Жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, төртжылдықтың басты бәсекесін бесінші орынмен тәмамдады. Ослодағы бәсекеге бұл жолы солтүстікқазақстандық Нұрғожа Қайпановты апаруға бел буып, кіл мықтыларға қарсы қойды. Бірінші айналымда ирандық Йонес Эмамиге жол берді. Осыған дейін екі мәрте ұтқан Қайпанов үшінші ретінде қарсыласына еш қарсылық көрсете алмады. Бұған дейін жазған Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін), Адлан Асқаров (61 келіге дейін), Әділ Оспанов (65 келіге дейін), Сырбаз Талғат (70 келіге дейін) сынды спортшылар алғашқы белдесулерінен аса алмады. 86 және 125 келіге дейінгі дәрежеде шығысқазақстандық Азамат Дәулетбеков пен Олег Болтин қола медаль үшін белдесті. Бірі – үш, бірі екі ұпай айырмашылығымен есе жіберіп, сайысты бесінші орынмен аяқтады. 79 келіге дейінгі дәрежеде Болат Сақаев 1/8 финалда жарақатына байланысты белдеспей, жарысты ерте аяқтады. 97 келіге дейінгі салмақта болашағынан зор үміт күттіретін Әлішер Ерғали ширек финалға жеткенімен, ол жерде ирандық Моджтаба Голейджтен 1:6 есебімен ұтылды. Осы кезде әлеуметтік желіде жанкүйерлер наразылығы да күшейді.
– Ислам Байрамуковты бас бапкер етіп тағайындау керек. Сол дұрыс болады.
– Федерациядан бастап бапкерлік құрамның барлығын отставкаға жіберу керек!
– Амал жоқ қырғыздарға жанкүйер боламыз…
– Олимпиададан кейін көптеген елдер өздерінің кіл мықтысын әкелмеді. Солар жоқта медаль ала алмағаннан кейін не үміт, не қайғы?
– Жүйені өзгертпей нәтиже болмайды,
– десті көпшілік.
Көршілес, бауырлас ел деп қырғыз спортшыларының мысал етулері бекерден бекер емес. Себебі ресми мәліметтерде Қырғызстаннан екі бапкер және төрт палуанның келгені жазылған. Нақты айтсақ, 61, 65, 70 және 79 келіге дейінгі салмақтар. Соның ішінде, 65 келіге дейінгі дәрежеде Алибек Осмонов қола жүлдегер атанса, ал 70 келіге дейін өнер көрсеткен Ерназар Ахматалиев финалға жолдама алды. Kaz_wrestling_mode парақшасында Қазақстан атынан 15 адамдай барғандығы жазылған. Тоғызы палуандар, қалғаны бапкерлік құрам өкілдері.
Алда әйелдер және грек-рим күресінің шеберлері бозкілемге беттейді. Жанкүйерлер жан-жақтан жүлде күтеді.